Қазақстан мен Қырғызстан сауда көлемін 3 млрд долларға жеткізуді көздейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанға ресми сапармен келген елдің Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан мен Қырғызстанның «Стратегиялық әріптестікті дамытудағы өңірлердің рөлі» атты II өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Товарооборот Казахстана и Кыргызстана в 2025 году достиг $2,3 млрд
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов құттықтау сөзінде Қазақстан Қырғызстанмен стратегиялық әріптестікті жан-жақты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен біз барлық елмен ашық әрі сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құру жолында жүйелі жұмыс істеп келеміз. Мұндай ұстаным экономиканы нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі форум мемлекеттеріміздің басшылары қойған екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізу міндетін орындауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, — деді Қазақстан Премьер-министрі.

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

Сонымен қатар Олжас Бектенов Қырғызстан Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 33 пайыз өсіп, 2,3 млрд долларға жетті. Бұл екіжақты байланыстың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал 2026 жылдың сегіз айында тауар айналымы тағы 20 пайыз артты. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына 1,3 млрд долларға жуық инвестиция салды. Қазақстанда қырғыз капиталы бар 3,5 мың кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Қырғызстанда қазақстандық капиталы бар 400-ге жуық компания қызметін жүзеге асырып келеді, — деді ол.

Қазақстан Премьер-министрінің пікірінше, екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуеті әлдеқайда жоғары.

– Қазақстан бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға және олардың санын арттыруға мүдделі. Бұл бағытта өңіраралық ынтымақтастыққа айрықша мән беріледі, – деді Премьер-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің ресми сапармен Қырғызстанға барғанын хабарлаған болатынбыз.

Сонымен қатар Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстанның II өңіраралық жиыны басталғанын жазған едік.