Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстанның II өңіраралық жиыны басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бішкектегі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының II өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Форумға Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымалиев тең төрағалық етеді.
Жиынға екі елдің мемлекеттік органдарының басшылары, өңірлік әкімдіктер мен іскерлік орта өкілдері, сондай-ақ даму ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.
Қазақстан тарапынан форумға Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Жетісу облыстары, сондай-ақ Алматы және Түркістан қаласынан өкілдер қатысады. Ал Қырғызстаннан Ыстықкөл, Шу, Жалал-Абад, Ош, Талас облыстары және Ош қаласының өкілдері келген.
Бағдарламада сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы өңірлердің рөлі мен Қазақстан және Қырғызстан өңірлері арасындағы байланысты нығайтудағы туризмнің маңызы талқыланады. Қатысушылар өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, шекарааралық туризмді өркендету және іскерлік байланысты нығайту мүмкіндіктерін қарастырады.
Жиын барысында ынтымақтастық туралы меморандумдар мен коммерциялық құжаттарға қол қою және олармен алмасу рәсімі өтеді.
Сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері B2B форматында кездесіп, тікелей байланыс орнату, іскерлік серіктестер табу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылайды.
Бұған дейін Олжас Бектенов Қырғызстанға ресми сапармен келгенін хабарлаған едік.