Ведомствоның түсіндіруінше, өткізу пунктін жаңғырту Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерін дамыту жөніндегі жол картасында қарастырылған. Алайда Мемлекеттік кірістер комитетіне жұмыстың нақты қашан басталатыны туралы ақпарат түспеген.
– Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерін дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, «Сыпатай батыр» автомобиль өткізу пунктін қайта жаңғырту 2025–2028 жылдар аралығында жүргізілуге тиіс. Дегенмен қазіргі уақытта бұл жұмыс басталған жоқ. Қайта жаңғыртудың нақты басталу мерзімі туралы ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне түскен жоқ, – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар комитет Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен арадағы шекарадан адамдар мен көлік құралдарын өткізу тәртібіне қатысты мәселелер ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құзыретіне кіретінін нақтылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Черняевка» өткізу бекеті 25 қарашада ашылатыны хабарланды.