Қазақстан мен Қытай бірлескен ғылыми-зерттеу мекемесін құруды талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қытай елімізде автомобиль жолдары саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу мекемесін құру мәселесін талқылады. Бұл туралы «Kaztraffic 2026» халықаралық көрмесінде Қытай Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтының президенті Сунь Юнхун мәлімдеді.

Фото: Көлік министрлігі

Оның сөзінше, биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының делегациясы Қытайға барған. Кездесуде автомобиль жолдарын салу, басқару, күтіп ұстау және пайдалану мәселелері талқыланып, ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

– Бейжіңде Қазақстанда бірлескен ғылыми-зерттеу мекемесін құру мәселесін талқыладық. Бұл жолы конференцияға қатысумен қатар, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін нақты жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз, – деді Сунь Юнхун.

Оның айтуынша, Қытайдың Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтында жүргізушісіз көліктерді сынауға арналған жабық алаң, көпірлер мен тоннельдерді зерттеу кешендері бар.

Институт жол салу технологияларын зерттеуден бастап оларды тәжірибеде сынауға және стандарттар әзірлеуге дейінгі жұмыстарды жүргізеді.

Сунь Юнхун Қазақстанмен тұрақты тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды үйлестіруге дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін ашуға мүмкіндік беретін Бақты – Аягөз теміржол желісін 2027 жылы іске қосу жоспарланғанын жазған едік.