Қазақстан мен Нидерланд сыртқы саяси консультациялардың жаңа раундын өткізді

Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Нидерланд сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың жаңа кезеңі өтті.

Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал Нидерланд делегациясын Сыртқы істер министрлігі Саяси мәселелер жөніндегі бас директорының орынбасары Юст Фламанд басқарды. 

Кездесу барысында Арман Исетов аталған елдің Қазақстан үшін екіжақты және Еуропалық одақ аясындағы маңызды серіктес екенін атап өтті. Ол екі елдің кейінгі 30 жыл ішінде ортақ құндылықтар мен мақсаттарға, өзара құрмет пен сенімге негізделген тұрақты серіктестік орнатқанын жеткізді. 

Тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты талқылап, өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Ведомствоаралық консультациялардың күн тәртібінде Нидерландтың су ресурстарын тиімді басқару тәжірибесі ерекше назарға алынды. 

Кездесудің нәтижесінде тараптар екіжақты ынтымақтастықты өзара құрмет, ашықтық және прагматизм қағидаттары негізінде одан әрі дамытуға келісімге келді. Бұл консультациялар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған.

Бұған дейін Қазақстан Елшісі Нидерланд Короліне сенім грамоталарын тапсырғанын хабарлаған едік.