Қазақстан мен Өзбекстан арасында тағы бір әуе рейсі ашылады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — FlyArystan әуе компаниясының ұшақтары 3 қыркүйектен «Алматы — Үргеніш — Алматы» бағыты бойынша рейс орындай бастайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Uzbekistan Airports компаниясынан мәлім еткендей, аталған бағытта аптасына 2 рейс жоспарланған. Яғни, ұшақтар бейсенбі және жексенбі күндері жолаушылар тасымалдайды.

— Жаңа бағытты ашу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайтып, туризмді дамытуға серпін береді, — деп атап өтті компаниядан.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның ең ірі Uzbekistan Airways әуе компаниясы авиаотын тапшылығына байланысты Ресей бағытындағы рейстердің бір бөлігін қысқартады.

Еске салайық, 13 маусымда Қостанай мен Ташкент арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Сондай-ақ, биыл 29 наурызда Астана мен Ташкент арасында тағы бір тікелей әуе рейсі іске қосылды.