Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд доллардан асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, алты айда елдің сыртқы сауда айналымы 41 млрд долларға теңеліп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға өсті. Қаңтар-маусымда көршілес мемлекет әлемнің 195 елімен сауда-саттық жасады.

Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 9,4 млрд доллардан (жалпы көлемнің 23,1%) асты.

Ал сауда-саттықтың 17,1%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 7 млрд доллардан артық.

Сондай-ақ көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд доллардан (6,8%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 572 млн долларға көп. Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 717 млн доллардың тауарын экспорттап, 2 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.

Еске салайық, биыл 5 айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан асқан еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жарты жылда 4,5 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға емделу үшін барған.

Сондай-ақ, алты айда 1,5 миллионнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.