Тараптар шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту, көлік саласын цифрландыру, әуе қатынасын кеңейту және автомобиль дәліздерінің әлеуетін арттыру мәселелерін қарастырды.
-Ресей – Қазақстанның негізгі көлік серіктестерінің бірі. Тасымал көлемін ұлғайту, шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту және көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін кеңейту үшін зор әлеует бар. Саланы цифрландыруға, заманауи шешімдерді енгізуге және тәжірибе алмасуға ерекше мән береміз. Бірлескен жұмыс көлік саласындағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Әсел Жанасова.
Кездесуде жүк тасымалының қазіргі көрсеткіштері де сөз болды. Биылғы жылдың 10 айында екі ел арасында теміржол арқылы 80,5 млн тонна жүк тасымалданған. Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтетін Қытай – Еуропа бағытындағы транзиттік жүк көлемі де артып келеді.
Тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін шекара маңындағы инфрақұрылымды үйлесімді дамыту қажеттігі атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмысқа өткен жылы транзиттік және түйіспе пункттерін дамыту жөнінде жасалған келісімдер негіз болады.
Цифрландыру саласында тараптар электрондық құжат айналымын жетілдіру, өткізу пункттеріне цифрлық шешімдер енгізу және екі елдің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселелерін талқылады. Қазақстан бірлескен цифрлық жобаларды іске асыруға және осы бағытта тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстан – Ресей – Моңғолия бағыты бойынша Алтай Республикасы арқылы өтетін автомобиль маршрутын дамыту перспективалары қаралды.
Жол шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа да назар аударылды. Қазақстан Ресейдің жол инфрақұрылымын цифрландыру, зияткерлік көлік жүйелерін енгізу, жол жұмыстарының сапасын бақылау, көпірлерді басқару және көлік құралдарының салмақтық-габариттік параметрлерін қадағалау тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
Осы ретте ресейлік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен «ҚазжолҒЗИ» АҚ арасындағы ынтымақтастықты дамыту ұсынылды.
Кездесу қорытындысында тараптар серіктестікті нығайтуға және талқыланған бағыттар бойынша практикалық жұмысты жалғастыруға өзара мүдделі екенін растады.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Қытаймен жүк тасымалы көлемін 10 есе арттыруды көздеп отыр.