Жиын «Қазақстан мен Ресей: жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы стратегиялық серіктестік» деген тақырыпта ұйымдастырылды. Оған екі елдің жетекші талдау орталықтарының, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен университеттерінің өкілдері қатысып жатыр.
Іс-шара ашылуында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов халықаралық ахуалдың қарқынды өзгеріп жатқанын, бұл мемлекеттер үшін жаңа сын-қатерлермен қатар қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
— Біз әлемдік саясат пен экономикадағы терең өзгерістерді байқап отырмыз. Геосаяси бәсекелестік күшейіп, сауда-экономикалық байланыстар мен көлік бағыттары қайта құрылып жатыр, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдер артып келеді. Бұл үдерістер іс жүзінде барлық мемлекеттерге әсер етіп, оларды үйреншікті тәсілдерін қайта қарауға және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге мәжбүрлеп отыр, - деді ол.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда Қазақстан мен Ресей ұлттық мүдделерді ескере отырып, туындайтын сын-қатерлерге бірлесіп әрекет етуі ерекше маңызды. Ол өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологияларды қоса алғанда, ынтымақтастықтың бірнеше бағытын қамтиды.
Жандос Шаймарданов өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы шамамен 28 млрд долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті 30 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті қойылған.
— Сауда әлеуетін арттыру үшін бізде қажетті алғышарттар бар. Елдерімізді ең ұзын құрлық шекарасы, көптеген өткізу пункттері және тығыз экономикалық өзара іс-қимыл байланыстырады. Негізгі бағыттардың біріне цифрландыру айналды, оның аясында қазірдің өзінде бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр, — деді ҚСЗИ директоры.
Жандос Шаймарданов бірлескен білім беру жобаларын дамыту екі мемлекеттің ұзақ мерзімді өзара іс-қимылының негізін қалыптастыратынын да атап өтті. Ол Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылғанын, сондай-ақ Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылғанын мысал ретінде келтірді.
Өз кезегінде Ресей ғылым академиясының Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты (РҒА ӘЭХҚИ) директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Сергей Афонцев халықаралық саяси және экономикалық ортадағы өзгерістерге назар аударды. Оның сөзінше, геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, әлемде ынтымақтастықты күшейтудің мүмкіндіктері бар.
— Қазір біздің басты міндетіміз - ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болып отыр. Ықтимал шешімдер мен одан арғы өзара іс-қимыл бағыттарын айқындау маңызды, — деді Сергей Афонцев.
Еске салайық, Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесін ҚСЗИ мен РҒА ӘЭХҚИ 2022 жылдың қазан айында құрған болатын. Алғашқы отырыс 2023 жылдың маусымында Мәскеуде, екіншісі — 2024 жылдың қарашасында Астанада өтті. Биылғы кездесу үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Бұған дейін Ресейде қанша қазақстандық студент медицина мамандығын оқып жатқанын жазғанбыз.