Қазақстан мен Ресейдің бірлескен өнеркәсіптік жобалары 52,7 млрд долларға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы аясында ұйымдастырылған «Өнеркәсіптік кооперация – Қазақстан мен Ресейдің орнықты дамуының факторы» атты панельдік сессияға қатысты.

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Сессия барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері, бірлескен инвестициялық жобалар, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту тетіктері таныстырылды.

Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ең ірі үш елдің қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресейден тартылған тікелей инвестициялар көлемі $2,9 млрд. Ал 2005 жылдан бері тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен $29 млрд-қа жетті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперация қоржынында жалпы құны $52,7 млрд болатын, шамамен 60 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 177 бірлескен жоба бар. Оның ішінде жалпы құны $22,4 млрд болатын 122 жоба қазірдің өзінде іске асырылды.

Сондай-ақ жиында инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, оның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірлескен жобаларды қаржыландыру тетігі қарастырылды. 

Айта кетелік Президент ХХІІ Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады