Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі. Кездесуде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі ынтымақтастықтың перспективалары да қаралды.
Тараптар агроөнеркәсіп кешенін болашағы зор ынтымақтастық бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Қазақстан сүт бағытындағы мал шаруашылығы, селекция, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Ленинград облысының осы бағыттардағы тәжірибесі кооперацияны кеңейтуге және шикізатты қайта өңдеу көлемін арттыруға негіз бола алады.
Өнеркәсіптік кооперация мен өндірістерді жергіліктендіруге ерекше назар аударылды. Машина жасау, химия өнеркәсібі, жабдықтар мен құрылыс материалдарын өндіру салаларында бірлескен жобаларды іске асыру әлеуеті талқыланды. Сондай-ақ Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіруге арналған шикізат жеткізу және заманауи органикалық тыңайтқыштар шығару жобасы қарастырылды.
Көлік логистикасы да маңызды тақырыптардың бірі болды. Александр Дрозденко Ленинград облысының порттары арқылы қазақстандық жүктерді тасымалдауға арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға мүдделі екенін атап өтті. Тараптар теміржол транзиті мәселелерін және жүк тасымалының тұрақтылығын арттыру қажеттігін талқылады.
Бұдан бөлек, атом саласындағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде осы салаға мамандар даярлау мәселесі қаралды.
Серік Жұманғарин қол жеткізілген келісімдерден нақты жобаларды іске асыруға көшудің маңыздылығын атап өтіп, екі өңірдің кәсіпорындары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруды ұсынды.
-Біздің міндетіміз – өзара сауданы кеңейту, бірлескен өндірістерді дамыту және екі тарапқа да нақты пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасау, – деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары.
Осыған дейін Қазақстан мен Ресей электронды жүкқұжат арқылы жүк тасымалдауға көшетіні туралы жаздық.