— Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша назар аудардық. Былтыр Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл — ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық, — деді Президент.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманмен инфрақұрылым саласындағы әріптестікті нығайту жолдары да талқыланғанын атап өтті.
— Тиісті министрліктер мен операторларға нақты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергетика саласында осы маңызды минералдарды өндіру және өңдеуге, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік. Оған қоса, бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырдық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапатталғанын жазған едік.