Қазақстан мен Словакия арасында инвестициялар өзара қорғалатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған Келісімге 2007 жылғы 21 қарашада Братислава қаласында, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Словак Республикасына ресми сапары барысында қол қойылған.

Келісім Қазақстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынастардың дамуына серпін береді. Бұл ретте екі елдің өзара инвестицияларын ынталандыруға үлкен мүмкіндіктер қарастырылып, өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашылады.

«Словакия - Қазақстанның перспективалық әріптесі. Біздің бірлескен жұмыстарымыз құрылыс, аграрлық сектор, азық-түлік және агроөнеркәсіптері болып табылады. Келісімнің күшіне енуі Қазақстан экономикасына Словак инвестициясын тарту үшін маңызды», деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Тұтастай алғанда заң Қазақстан Республикасының қолданыстағы инвестициялық заңнамасында көзделгендегіден өзге қағидаларды белгілейтін бірқатар ережелерді қамтып отыр. Мәселен, келісімнің 5-бабында инвесторға оның инвестицияларын экспроприациялаған және мемлекет меншігіне алған кезде өтемақы төлеу көзделген. Сондай-ақ келісім тараптардың арасындағы дауларды шешу мақсатында ұйымдастырылатын, халықаралық төрелік сотын қалыптастыру рәсімдерін егжей-тегжейлі регламенттейтін ережелерді қамтиды.