Қазақстан мен Smithsonian орталығы мәдени мұра саласында әріптестікті кеңейтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра жөніндегі арнайы жобалар директоры Халле Батвин Қазақстанмен бірлескен жоспарларымен бөлісті.
Халле Батвиннің айтуынша, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Смитсон институтының жаңа бастамасы болып саналатын Қазақстанның мәдени мұрасы қоры жөнінде пікірлескен.
Келесі айда америкалық қолөнершілер тәжірибе алмасу аясында Алматыда өтетін халықаралық қолөнер фестиваліне қатысады. Алдағы уақытта көрмелер ұйымдастыру, қазақстандық музыканттар мен әртістердің қатысуымен бағдарламалар өткізу жоспарланған. Бұл іс-шаралар Смитсон институтының Азия өнері ұлттық музейімен әріптестік негізінде жүзеге аспақ.
Сонымен қатар, Смитсон институты мен Қазақстан музей мамандары арасында тәжірибе алмасу бағдарламаларын әзірлеу көзделіп отыр.
– Біздің жұмыстарымызда әртүрлі элементтер бар, біз оларды зерттеп, қаржыландыру арқылы қорымызда жүзеге асырғымыз келеді, – деді Халле Батвин.
Оның айтуынша, аталған бастамаларды іске асыру бір-екі жылға созылуы мүмкін, себебі олар әзірлеу кезеңінде тұр және уақытты қажет етеді.
Сондай-ақ ол Смитсон орталығының қазақстандық музыкаға, өнер мен мәдениеттің өзге де түрлеріне, музейлермен әріптестікке қызығушылығы зор екенін атап өтті.
– Маған бұл қордың ұнайтыны – ол бізге шығармашылық тұрғыда жұмыс істеуге және Смитсон институтының түрлі бөлімдерімен қызығушылығымызға байланысты әріптестік орнатуға мүмкіндік береді, – деді Халле Батвин.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халле Батвинге АҚШ-та қазақ мәдениетін ілгерілетуге қосқан белсенді еңбегі үшін алғыс білдірген болатын.