«Мен сіздің сапарыңызға үлкен мән беріп отырмын. Жаңа ғана бұл сапарды тарихи деп сипаттадық. Осы сапар мемлекеттеріміз арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтереді, одақтастық өзара байланыс туралы декларацияға қол қойылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент одақтастық қатынастар жаңа стратегиялық жобаларға жол ашатынын атап өтті.
«Сондықтан алдымызда үлкен жұмыс тұр. Өйткені одақтастық қатынастар жаңа стратегиялық жобаларды көздейді. Біз жаңа ғана екі-үш зәкірлі стратегиялық жобаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметтерге осы мақсаттарды іске асыруды тапсырдық. Жақын арада екіжақты ынтымақтастықтың жаңа белесіне шығамыз деп топшылаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.
Ал 3 мамырда Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.