Қазақстан мен Түркия сотталған азаматтарын өзара беретін болады

АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арысындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Келісім Түркия Республикасының соттарымен бас бостандығынан айырылған Қазақстан азаматтарын және Қазақстан Республикасының соттарымен бас бостандығынан айырылған Түркия азаматтарын жазасын өздері азаматтары болып табылатын мемлекетте өтеу үшін беру мәселелерін реттеуге бағытталған.

ҚР бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, өз мемлекеттеріне мерзімін өтеу үшін беру сотталған тұлғаның немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болған жағдайда жүзеге асырылады. «Сотталған тұлғаны беруден бас тарту жағдайлары да қарастырылады. Айталық, оның егемендігіне нұқсан келтірілсе бұндай беруден бас тартылады», - деді И. Меркель.