Қазақстан мен Ұлыбритания атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерін талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің елшісі Салли Аксуорси ханыммен кездесу өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен даму перспективалары, сондай-ақ ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау және нормативтік-құқықтық базаны дамыту бағыттарындағы өзара іс-қимыл талқыланды.
— Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырылатыны атап өтілді. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру кезінде халықаралық ұсынымдар мен стандарттардың ескерілетіні көрсетілді. Халықаралық ядролық және радиациялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, шағын модульдік реакторларды қоса алғанда, заманауи атомдық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды, — делінген хабарламада.
Тараптар сондай-ақ реттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сараптамамен алмасу және мамандардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін, оның ішінде академиялық және білім беру бағдарламалары аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар транспаренттілік, халықаралық міндеттемелерді сақтау және өзара сенім қағидаттарына негізделген конструктивті диалогты одан әрі дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілікті растады.
Бұдан бұрын Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ғылыми-техникалық кеңесі жұмысын бастағаны айтылды.