Қазақстан мен Үндістан құқық қорғау саласына қос дипломды мамандар даярлайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы мен Үндістанның Ұлттық сот сараптамасы ғылымдары университетінің (NFSU) бірлескен қос дипломды магистратура бағдарламалары іске қосылды. Биыл бағдарламаға 20 адам қабылданды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Магистратура бағдарламалары құқық қорғау қызметі, цифрлық криминалистика және ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ киберқауіпсіздік бағыттарын қамтиды.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Оқу барысында заманауи технологияларды қолдануға, қылмыстарды тергеудің жаңа әдістеріне, IT-шешімдерге және киберқауіптердің артуы мен жасанды интеллектінің кеңінен енгізілуі жағдайындағы басқару тәсілдеріне басымдық беріледі.

Бағдарлама түлектері Қазақстанның мемлекеттік үлгідегі дипломымен қатар, Үндістанның NFSU университетінің дипломын алады. Оқу ағылшын тілінде, ECTS кредиттік жүйесі бойынша жүргізіледі. Студенттер Үндістанда тағылымдамадан өтіп, шетелдік сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Үндістанның Ұлттық сот сараптамасы ғылымдары университеті – сот сараптамасы, цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздік салаларына маманданған бейінді жоғары оқу орны. Үндістан қылмыстарды тергеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологияларды қолдану бағытында айтарлықтай тәжірибеге ие.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек бұл жоба екі елдің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін бірлескен академиялық алаң қалыптастыратынын атап өтті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бағдарламаны іске қосуға 2025 жылғы шілдеде өткен келіссөздер негіз болды. Алдағы уақытта тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, академиялық алмасуды дамытуды, сондай-ақ цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік және жасанды интеллектіні қолдану салаларында ғылыми кадрлар даярлауды жоспарлап отыр.

Бұл серіктестік жаңа буын мамандарын даярлауға арналған тұрақты халықаралық алаң қалыптастырып, Қазақстандағы жоғары білім берудің халықаралық деңгейге шығуына ықпал етеді.

Ал елде жалған дипломдар үшін қандай жаза қарастырылған мына сілтемеден оқыңыз.