Қазақстан мен WADA допингке қарсы күрестегі ынтымақтастықты кеңейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға 50-ден астам елдің өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының басшылары мен допингке қарсы ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Халықаралық кездесуге WADA президенті Витольд Банька, агенттіктің бас директоры Оливер Неггли және ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық Паралимпиада комитетінің өкілдері бас қосты.

Отырыстың күн тәртібіне Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін жетілдіру, допингке қарсы білім беру мен ғылыми бағдарламаларды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері енгізілді.

Жиында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов Қазақстан үшін WADA басқарушы органдарының отырысын өткізу зор мәртебе екенін атап өтті. Министр еліміздің таза спорт қағидаттарын берік ұстанатынын жеткізді.

-Қазақстан үшін таза спорт – ең алдымен әділдік пен тең мүмкіндік. Әр спортшы жеңіске адал еңбегімен жетуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Олардың негізінде әділдік, жауапкершілік және заңды құрметтеу жатыр. Спортта да осы талаптар сақталуы тиіс, – деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда ұлттық допингке қарсы жүйені нығайтуға, халықаралық талаптарды енгізуге және жас спортшылар арасында допингке қарсы мәдениет қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

-Астанадағы кездесулер осы бағыттағы ортақ жұмысымызға жаңа серпін береді деп сенемін. Біздің ортақ мақсатымыз – спортшылардың құқығын қорғау, баршаға тең жағдай жасау және спортқа деген сенімді сақтау, – деді Ербол Мырзабосынов.

Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Баньканың Қазақстанға сапарынан кейін жаңа қарқын алды. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев WADA президентін еліміздегі спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Биыл Ербол Мырзабосынов пен Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат допингке қарсы білім беру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Айта кетейік, WADA Құрылтайшылар кеңесі – агенттіктің жоғары басқарушы органы. Оның құрамына халықаралық спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Кеңес допингке қарсы күрес саласындағы жаһандық саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Осыған дейін WADA президенті Витольд Банька Астанаға келген болатын.