Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өткен Global Businesswomen Council ұйымының IV пленарлық отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту ең алдымен білім беру сапасымен, адами капиталдың дамуымен, экономиканың тұрақты өсімімен және елдің бәсекеге қабілетімен тікелей байланысты.
— Бүгінде Қазақстанның білім беру жүйесіндегі педагогтердің 80% астамы — әйелдер. Олар күн сайын өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейді, балалардың білім алып, дағды қалыптастыруына, тәртіпке, жауапкершілікке және еңбекке құрметпен қарауына ықпал етеді. Елдің адами капиталы дәл осы ұстаздардың еңбегі арқылы қалыптасады, — деді Жұлдыз Сүлейменова елордада Тәуелсіздік сарайында.
Оның сөзінше, мемлекет педагог мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның аясында мұғалімдердің жалақысы көтерілді, құқықтық қорғалуы күшейтілді, өздеріне тән емес жүктеме азайтылды және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері кеңейтілді.
— Қазір Қазақстан мұғалім мамандығының қоғамдық беделі бойынша әлемде екінші орында тұр. Сонымен қатар педагогтердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі ең жоғары бес елдің қатарына енеді. Зерттеу деректеріне сәйкес, мұғалімдердің 95% өз жұмысына қанағаттанады, ал шамамен 80% таңдау мүмкіндігі болса, қайтадан ұстаздық жолды таңдайтынын айтқан, — деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласы әйелдер үшін кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асырудың, тұрақты жұмыспен қамтылудың және әлеуметтік қорғалудың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Бұған дейін Премьер-министр орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқаратынын айтқан еді.