«Қазақстан-Норвегия» матчына билет қолдан-қолға қаншадан сатылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін 19:00-де Алматы Орталық стадионында УЕФА Ұлттар Лига аясында Қазақстан мен Норвегия құрамалары арасында матч өтеді. 20 тамыз күні сатылымға шыққан бұл матчтың билеттері бір тәулік ішінде толық өтіп кеткен.

Фото: kff.kz

Ресми мәліметке сәйкес, матч билеті 2-10 мың аралығында тек онлайн сатылған. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы алыпсатудың алдын алу үшін сатып алынған билет матчы басталуына 2 сағат қалғанда көрсеткен поштаға келетінін хабарлады.

Дегенмен, желіде Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегор сынды әлемдік футбол жұлдыздары қатысатын ойынға билеттерді сатып алуға болады. Ғаламтордағы билет құны 8 мыңнан басталып 25 мыңға дейін жетеді.

Фото: Kazinform

Сатушылардың бірі стадионның шығыс бөлігі 44 сектордағы 2 билеттің әрқайсысын 22 мың теңгеге ұсынады. Ал билетті ойын басталар алдында 1-2 сағат бұрын стадион жанынан беретінін айтады.

Фото: Kazinform

Айта кеткен жөн, Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген матч алдындағы баспасөз мәслихатында достарының бұл ойынға билет сұрағанын айтқан еді.

— Менен достарым билет сұрады. Мен «сендер Ұлттық құраманы қолдауға келесіңдер ме, әлде Холанды көруге ме» деймін, — деді қазақстандық футболшы.

Еске салайық, бұған дейін Норвегия құрамасы Алматыдағы стадионда жаттығу өткізгенін жазғанбыз.

Сондай-ақ Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті.