Бұл туралы федерацияның ресми құрылымдары хабарлады.
Мамандардың айтуынша, тағайындау Арман Әбеуовтің кәсіби тәжірибесі мен спортты, әскери-патриоттық тәрбиені және дзюдо саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Халықаралық дзюдо федерациясы жанындағы Әскери комиссия түрлі елдердің қарулы күштері мен құқық қорғау органдарында дзюдоны дамыту және насихаттау жұмыстарымен айналысады.
Комиссия қызметінің негізгі бағыттары қатарында тәртіпті нығайту, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, дене дайындығын жетілдіру және қоғамға қызмет ету құндылықтарын дәріптеу бар.
Қазіргі уақытта Арман Әбеуов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы қызметін атқарады.
Оның жетекшілігімен Қарулы күштерде дене шынықтыру мен спортты дамыту, әскери қызметші-спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау және әскери-қолданбалы спорт түрлерін жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Арман Әбеуов дзюдоның әлемдегі әскери және мемлекеттік құрылымдарға бере алатын құндылықтарын айқын көрсетеді. Оның тәжірибесі, көшбасшылық қасиеттері және дзюдоға деген өмірлік адалдығы біздің әскери және полиция комиссиясының қызметін одан әрі дамытуға маңызды үлес қосады, – деді Халықаралық дзюдо федерациясының президенті, румыниялық спорт функционері Мариус Визер.
Арман Әбеуов – дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы және халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Сондай-ақ ол Абу-Даби мен Лас-Вегас қалаларында өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионаттарының жүлдегері атанған.
Мамандар бұл тағайындауды Қазақстанның дзюдо мен әскери спорт саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуы ретінде бағалап отыр.
Айта кетейік, Нариман Дүйсекеев ҚТЖ баспасөз қызметіне тағайындалды.