Қазақстан өнеркәсіптің жаңа бағыттарын дамытуға басымдық береді – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Екатеринбург қаласында өткен XVI «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіп көрмесінің «Индустрия 360: шекарасыз өндіріс» атты пленарлық сессиясына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Іс-шараға Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Премьер-министрі Адылбек Қасымалиев, сондай-ақ Индонезия, Иран, Түрікменстан, Мьянма, Сейшель аралдары, Тәжікстан, Өзбекстан, БАӘ, Вьетнам және Венесуэла үкіметтерінің өкілдері қатысты.

Премьер-министр өз сөзінде Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен озық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

«Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция ауқымды саяси және институционалдық реформаларды нығайта түсті. Біз барлық елдермен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Озық Қазақстанды дамыту бағытын дәйекті түрде жалғастырып келеміз. Адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту — мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары. Мұндай тәсіл инвесторлардың сенімін нығайтуға, экономиканы жаңғыртуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды», – деді Олжас Бектенов.

Қазақстан шикізатты терең өңдеу, заманауи материалдар жасау және ғылымды көп қажет ететін өндірістерді дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және кедендік жеңілдіктер, Altyn Visa арнайы визалық режимі және «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды сүйемелдеу мүмкіндігі ұсынылады. Басым бағыттар қатарында машина жасау, металлургия, мұнай-газ химиясы, химия өнеркәсібі, заманауи құрылыс материалдары мен жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісі бар.

Сондай-ақ өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан өндіріс саласына деректерді талдаудың интеллектуалды жүйелерін, бұлтты платформаларды және жаңа буын бағдарламалық шешімдерін енгізіп келеді.

Өңдеу өнеркәсібінде цифрлық құралдарды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 2022 жылғы 13%-дан 2025 жылы 21%-ға дейін артты. Ал өнеркәсіптік интернет заттарын пайдаланатын өндірістер саны 7 мыңға жетті.

Көрме аясында делегация басшылары машина жасау, металлургия, өнеркәсіптік жабдықтар, инновациялық өндіріс және заманауи технологиялар саласындағы әзірлемелермен танысты.

Қазақстандық павильонда Qarmet, Қазақмыс, Alageum Electric, KamLitKZ, Tengry Tyres, Orda Glass, Silk Road Electronics, BTS ERG және басқа да отандық компаниялардың жобалары ұсынылды.

Сонымен қатар өнеркәсіптік жасанды интеллект, микроэлектроника және технологиялық білім беру бағытындағы шешімдер таныстырылды.

Айта кетейік, Қазақстанда құны 100 млн еуродан асатын сутегі өндіру жобасы салынады.