Қазақстан Орталық Азияда орман белдеулерін құруға қатысты жаңа бастама көтерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы жылдары пайдаланылмаған 15 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы АШМ өкілдері Ұлан-Баторда өткен COP17 жиынында мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: «Ертіс орманы» резерваты


Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Ұлан-Баторда өткен БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптары конференциясының 17-сессиясы (COP17 UNCCD) Жоғары деңгейдегі сегменті аясындағы Министрлер диалогына қатысты.

Өз сөзінде вице-министр  Назгүл Хатепова жердің тозуына жол бермеу, топырақ құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығының климаттық тәуекелдерге төзімділігін арттыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.

Фото: АШМ

— Қазақстанда 219 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар. Оның ішінде ауқымды табиғи жайылымдар да қамтылған. Сондықтан жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау және тозған аумақтарды қалпына келтіру — экологиялық қана емес, экономикалық және әлеуметтік міндет, — деді Назгүл Хатепова.

Жер ресурстарын тұрақты басқару жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылуда. Биыл жердің жай-күйін мониторингтеуге, оның тозуының алдын алуға және топырақ жамылғысын қалпына келтіруге құқықтық негіз қалыптастыратын «Топырақты қорғау туралы» заң қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар қолданылатын алқаптардың көлемі 500 мың гектардан асты.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аясында соңғы жылдары 15 млн гектар жер қайтарылды. Оның едәуір бөлігі қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Қазақстан өңірлік ынтымақтастыққа да ерекше мән береді.

Фото: АШМ

Вице-министр БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қатысушы мемлекеттерді, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарын өңірдің жер ресурстарын қорғауға және трансшекаралық шаңды және құмды дауылдарға қарсы іс-қимылға бағытталған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын іске асыру үшін күш біріктіруге шақырды.

2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қарарында бекітілген бұл бастама қорғаныш орман белдеулерін құруды, тозған жерлерді қалпына келтіруді, сондай-ақ трансшекаралық шаңды және құмды дауылдардың алдын алу және олардың салдарын азайту бойынша өңір мемлекеттерінің күш-жігерін үйлестіруді көздейді.

COP17 UNCCD 2026 жылғы 17–28 тамыз аралығында Ұлан-Баторда «Жерді қалпына келтіру — үмітті жаңғырту» ұранымен өтуде.

Оған Конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің және Еуропалық одақтың өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. 

Айта кетейік, отандық ғалымдар құрғақшылыққа төзімді арпаның жаңа сұрпын шығарды.