Қазақстан Пәкістандағы білім беру жобаларына 1 млн доллар грант бөлді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Үкіметі Пәкістанның Білім беру гранттары қорына (Pakistan Education Endowment Fund, PAK-EEF) 1 млн АҚШ доллары көлемінде грант бөлді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Фото: СІМ

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин аталған грантты табыстауға арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Іс-шараға Пәкістанның Федералдық білім және кәсіптік даярлық жөніндегі мемлекеттік министрі Ваджиха Камар, елдің Сыртқы істер министрлігі, Білім министрлігі және басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

– Көрсетілген қолдау үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдіреміз. ҚР жоғары оқу орындарымен бірлесіп білім беру саласында бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып отыр, – деді PAK-EEF қорының бас атқарушы директоры С.Сухайл.

Аталған жобалар аясында пәкістандық студенттерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Ержан Қыстафин Қазақстанның білім беру, академиялық алмасу, кадр даярлау және адами капиталды дамыту бағыттарында Пәкістанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

– Білім беру саласына салынған инвестициялар Қазақстан мен Пәкістан халықтарының ортақ бейбіт, орнықты әрі гүлденген болашағына қосылған маңызды үлес, – деді елші.

Өз кезегінде Ваджиха Камар Қазақстан халқына алғыс айтып, алдағы бастамаларды талқылау және оларды іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеу үшін Астанаға делегация жіберу ниетін жеткізді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар екі елдің қорлары мен жетекші жоғары оқу орындары арасында келіссөздер ұйымдастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, 489 педагогикалық грант қандастарға бөлінді.