Қазақстан пайдалы модельдер бойынша әлемнің үздік 15 еліне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жаңа техникалық шешімдерді патенттеуге өтінім беру саны бойынша әлемде 13-орынға шықты. 2025 жылы елімізде 1 914 өтінім берілген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21,4%-ға көп.

Фото: obi.gr

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дерегінше, Қазақстан пайдалы модельдерді тіркеуге өтінім берген 20 жетекші елдің қатарына кірген. Рейтингте елімізден жоғары тұрған Бразилияда 2 584, Италияда 2 253 өтінім тіркелген.

Әлемдік рейтингте Қытай бірінші орында тұр. Бұл елден 2,6 миллион өтінім берілген. Екінші орында Ресей (13 147), үшінші орында Германия (7 338). Үздік ондыққа Таиланд, Индонезия, Украина, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея және Испания да енген.

Пайдалы модель дегеніміз — күнделікті өмірде немесе өндірісте қолдануға болатын жаңа техникалық шешім. Мысалы белгілі бір құрылғының жұмысын жақсартатын немесе оны қолдануды жеңілдететін жаңа тетік осындай модель ретінде тіркелуі мүмкін.

2025 жылы әлем бойынша пайдалы модельдерді тіркеуге 2,7 миллионға жуық өтінім берілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,3%-ға аз. Сарапшылар мұны негізінен Қытайдағы өтінімдер санының азаюымен байланыстырады. Бір жылдың ішінде бұл елде көрсеткіш 534 640-қа төмендеген.

Соған қарамастан, әлемдегі осындай өтінімдердің 97,2%-ы Қытайға тиесілі. Ал 2015 жылы бұл үлес 93% болған.

Айта кетейік, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы World Intellectual Property Indicators 2026 баяндамасын жыл сайын жариялайды. Онда патенттер, пайдалы модельдер, тауар белгілері, өнеркәсіптік үлгілер, өсімдіктердің жаңа сорттары мен географиялық көрсеткіштер бойынша әлемдік статистика қамтылады.

Бұған дейін Қазақстан БҰҰ рейтингінде әлемдегі цифрландыру деңгейі жоғары елдер арасында 16-орынға тұрақтаған еді.