Қостанай облыстық ІІД Жедел әрекет ету арнайы жасағының (СОБР) командир орынбасары Батырбек Зәкірьянов Ішкі істер министрлігінің 29 қызметкері қатысқан жарыста жеңіске жетті. Ол арнайы жаттығуды Макаров тапаншасынан 8,6 секундта аяқтады. Нәтижесінде, барлығы 30 ұпайдың 28-ін қоржынға басты.
Мергендер бәсекесі Астана қаласы маңындағы Ақмол ауылында оқу-әдістемелік жиындар шеңберінде өтті.
Қостанайлық офицердің практикалық оқ ату бойынша біліктілігі жоғары екенін айта кету керек. Ол ІІД-де жас сарбаздарды қарудан атуға үйретеді.
«Қару ұстауға бала кезден қызықтым. Ал практикалық оқ атуға арнайы жасақ құрамына келген уақытта кірістім. 2012 жылы ресейлік әріптестермен тәжірибе алмастық. Кейін өзіміздің жасақтағыларды оқ атуға үйрете бастадым. Қазіргі кезде нұсқаушы қызметін атқарамын», - деді Зәкірьянов.