Жаңа вагондардың 51-і RWS Wagon зауытында, ал 111-і Stadler Kazakhstan компаниясында шығарылған.
Жаңа вагондар жайлылық пен қауіпсіздіктің заманауи талаптарына сай келеді. Олар ауа баптау және бейнебақылау жүйелерімен, айналымдағы ауаны зарарсыздандыру құрылғыларымен, биодәретханалармен, жолаушылар орындарының жеке жарықтандыру жүйесімен, сондай-ақ мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған розеткалармен және USB-порттармен жабдықталған.
Теміржол көлігінің мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Штабтық вагондарда арбаларды орналастыруға арналған аумағы кеңейтілген арнайы купелер қарастырылған. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вагонға міну және одан түсуді жеңілдететін көтергіш құрылғылар орнатылған. Ал кіреберістің табалдырықсыз болуы вагонға кедергісіз кіруге мүмкіндік береді.
Сапар кезіндегі жайлылықты арттыру мақсатында вагондар Wi-Fi желісімен, эргономикалық тұтқалармен, жарықдиодты жарықтандыру жүйесімен, купедегі температураны жеке реттеу мүмкіндігімен және сейфтермен жабдықталған. Жаңа вагондарды тиісті деңгейде пайдаланылған жағдайда қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді.
Жолаушылар вагондарын кезең-кезеңімен жаңарту халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жолаушылар үшін неғұрлым жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, тасымалдау сенімділігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Астана мен Семей арасында қатынайтын жаңа Stadler пойыздарында әйелдерге арналған вагон қызметі сақталатынын жаздық. Алғашқы рейс 13 қарашада жолға шықты. Бұл вагонға билеттер тек әйелдерге сатылады, ал жеті жасқа дейінгі ұл балалар анасымен бірге жүре алады.