Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор – Мемлекет басшысы
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Қазақстан мен Ресей басшылары Мәскеудегі келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
- Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық, - деді Мемлекет басшысы.
Тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.
- Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Владимир Владимирович Путинге тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған дейін Президент Ресей – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екенін атып өтті.