Қазақстан Шанхайда туристік әлеуетін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхай қаласында ITB China 2026 халықаралық туристік көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Фото: ҚР СІМ

Аталған көрмеде Қазақстан Республикасының екі басты қаласы – Астана мен Алматы таныстырылды. Қазақстан павильоны ITB көрмесінің орталық бөлігінде орналасып, оған Қазақстанның 17 туроператоры, сондай-ақ Air Astana және Fly Arystan әуе компаниялары қатысты.

Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі халықаралық және Қытай нарығында оңтүстік мегаполистің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған «Алматының Шаңхайдағы туризм күнін» ұйымдастырды.

Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Алматының бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы заманауи туристік, мәдени және іскерлік орталыққа айналғанын атап өтті.

Фото: ҚР СІМ

Бас консул Қытай нарығымен ынтымақтастықты күшейтуін маңыздылығына тоқталды. 2023 жылғы қарашада екі ел арасында өзара визасыз режимнің енгізілуінен және 2026 жылғы наурызда Air Astana әуе компаниясының Алматы – Шанхай тікелей рейсінің ашылуынан кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік байланыстарды нығайтудың зор әлеуеті бар екеніне сенім білдіріп, қытайлық серіктестерді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге шақырды.

Шанхай қаласының орталығында өткен би флешмобы ITB China 2026 көрмесіндегі Қазақстан қатысуының басты ерекшелігіне айналып, халықаралық аудиторияның назарын аударуға және Қазақстанның заманауи әрі серпінді бейнесін қалыптастыруға көмектесті.

Фото: ҚР СІМ

ITB China 2026 – ұлттық туроператорлар, әуе компаниялары, қонақүй желілері және туристік индустрия өкілдері бас қосатын ірі B2B туристік көрме болып табылады. Биыл Шанхайда өткен халықаралық туристік биржа жұмысына әлемнің 80 елінен туроператорлар қатысты.

Бұдан бұрын Алматы–Шаңхай рейсі екі ел туризмін жақындастырғанын жаздық.