Қазақстан шетелдегі қандай ірі сауда желілерімен келіссөз жүргізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі бес жылда жоғары өңделген өнім экспорты 2,5 есеге өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

- Қаржылық қолдау шаралары кеңейіп келеді. Бірінші жартыжылдықта ғана Экспорттық-кредиттік агенттіктің сақтандыру қолдауының көлемі 400 млрд теңгеден асты. Жыл соңына дейін ол 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады. Жыл сайын шамамен 6 млрд теңге экспорттаушылардың логистикалық шығындарын өтеуге бағытталады. Нәтижесінде, экспорт құрылымы өзгеріп келеді. Соңғы бес жылда жоғары өңделген өнім экспорты 2,5 есеге өсіп, 11,1 млрд АҚШ долларын құрады. Оның шикізаттық емес экспорт құрылымындағы үлесі 38,8 пайызға жетті, - А.Шаққалиев.

Оның айтуынша, келесі кезең – дайын өнімді сыртқы нарыққа ілгерілету. Ол үшін отандық өнімді Lulu Hypermarket, Carrefour, Gross, Panda, Spinneys және тағы басқа ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру жөніндегі жаңа қолдау шарасы пысықталып жатыр.

- Министрліктің стратегиялық міндеті – қазақстандық тауарлардың ішкі нарықта нығайтып, олардың сыртқы нарықтарға шығуына және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісінің өсуіне жағдай жасау. Сауда саясаты мен мемлекеттік қолдау шаралары бұдан әрі де отандық өндірісті дамытуға бағытталады, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, жарты жылда ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңге болды.