Қазақстан шетелдерден қызанақ импортын уақытша шектейді

АСТАНА.KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағына қызанақ әкелудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын « Ашық НҚА » порталына қоғамдық талқылауға шығарды.

Фото: Canva

Бұйрық жобасын әзірлеуге Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 5 маусымдағы шешімі негіз болған.

— Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден әкелінетін өнімдер мен Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылатын халықаралық транзитті қоспағанда, үшінші елдерден жаңа піскен немесе салқындатылған қызанақты (СЭҚ ТН коды — 0702) Қазақстан аумағына барлық көлік түрлерімен әкелуге уақытша тыйым енгізу көзделіп отыр, — делінген құжатта.

Жоба бойынша шектеу 2026 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылады.

Министрліктің мәліметінше, аталған шара отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықта өндірілген өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында ұсынылып отыр.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Kazinform-ға берген сұхбатында азық-түлік импортын отандық өніммен алмастыруда қандай саясат ұстанып отырғанын айтқан еді.