Қазақстан Швейцариядан 66 есе үлкен, бірақ ортақ тұстарымыз көп - Дипломат

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Швейцария халықаралық су бөлу мәселесінде Қазақстанға жәрдем көрсетуге дайын. Бұл туралы Швейцария Сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассис айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызға белгілі, су тақырыбы әлемнің көптеген өңірі үшін, сондай-ақ Орталық Азия үшін маңызды мәселе болып отыр. Ал Швейцария өз таулары арқылы Францияны, Германияны, Аустрияны сумен қамтиды, яғни жүздеген жылдар бойы су мәселесінен хабардармыз. Бізде су қатынастары туралы әлі де қызу пікірталас бар. Егер сіздерге судың дұрыс және әділ бөлінуі бойынша қандай да бір қолдау көрсете алсақ, көмектесуге дайынбыз», - деді Иньяцио Кассис елордада Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі осы тақырыпты тереңірек талқылау үшін және Швейцарияда таулар арқылы су бөлуде қандай жұмыс жүргізілгенін көрсету үшін сарапшылар делегациясын жіберуді сұраған.

«Астана мен Алматыдағы екі күндік бағдарламамда қазақ мәдениеті мен ландшафтарының алуан түрлілігімен танысуға мүмкіндік алдым, ол үшін сіздерге алғысым шексіз. Қазақстан Швейцариядан 66 есе үлкен, халқы 2 есе көп. Географиялық қашықтыққа және біздің елдеріміздің әртүрлі өлшемдеріне қарамастан, бізде көптеген ұқсастық бар. Атап айтқанда, ұшағымыз қонғанда керемет тауларды көрдік, өзен-көлдердің көптігі, халықтың бірнеше тілде сөйлеуі мәселесі де бізге жақсы таныс. Сондықтан, пікір алмасқандарыңыз үшін, қонақжайлылығыңыз үшін алғыс айтамын. Көп рахмет», - деді дипломат.

Айта кетейік, Швейцария Сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассис Қазақстанға ресми сапармен келді.