«Еліміздегі 25 университет Quacquarelli Symonds (QS) рейтингі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның үздік 300 университеті қатарына кірді. Британ QS консалтинг агенттігі жыл сайын әлемнің оқу орындарына терең зерттеу жүргізеді», деп жазды БҒМ Фейсбуктегі парақшасында.
300 үздік университет қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰИТУ, ҚБТУ, Қазақ агротехникалық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және тағы басқалар бар.
Білім саласы бойынша маманданған агенттік 26 елдің жоғары оқу орындарының қызметін зерттеп, саралаған. QS рейтингі негізгі 6 көрсеткішке сүйенеді.
Олар: жоғары оқу орнының академиялық ортадағы беделі, жұмыс берушілердің пікірі мен түлектердің мәнсап жолы, мүмкіндігі, оқытушылар мен студенттер санының ара қатынасы, бір оқытушыға шаққандағы индекс жарияланымдары, шет елдік студенттер мен оқытушылар саны. Мұнымен қатар зерттеуде көп ұлттылық, материалды-техникалық жағдай, университеттің әлеуметтік жауапкершілігі, жаңашылдық, спорт, өнер мен мәдениетке көңіл бөлу, қашықтан оқыту жайы секілді көптеген бағыттар қарастырылған.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның «Үздік 300 университеті» қатарына кірген жоғары оқу орындары жағынан Ресей көш бастап тұр. Екінші орында Түркия, одан кейін Қазақстан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алдыңғы жиырмалыққа кірді.
Айта кетерлігі, Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс», деп тапсырған болатын.
Еске сала кетсек, биыл «Атамекен» ҰКП министрлікпен бірлесіп отандық жоғары оқу орындарындағы 64 мамандық бойынша білім беру бағдарламалары рейтингін жасаған еді. Зерттеу нәтижесі шілде, қыркүйек айында жария етілді.
Жоғары оқу орындары 12 бағыт бойынша бағаланды. Олар: қауымдастықтың қатысуымен білім беру бағдарламасын даярлау, жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламасын даярлау, білім беру бағдарламасына салынатын инвестициялар, оқытушылардың аталған саладағы (өндірістегі) тәжірибесі қанша, білім беру бағдарламасының халықаралық аккредитациясы, түлектер жалақысының орташа көрсеткіші, жұмысқа тұрғандар пайызы және т.б. Зерттеу нәтижесінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша білім беру бағдарламасы бойынша бірінші орынды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алған. «Аграрлы техника мен технологиялары» мамандығын М. Дулатов атындағы Қостанай инженер-экономикалық университетте жақсы даярлайды. «Физика» пәнін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік аймақтық университет пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетте жақсы оқытады. Ал «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығын оқытуда ҚБТУ көш бастап тұр. Рейтинг нәтижесі «Атамекен» ҰКП сайтында жарияланған.
Білім беру бағдарламаларының рейтингі жоғары оқу орындарының мемлекет пен бизнеске қажет білікті кадр даярлаудағы жұмыс тиімділігін арттыру үшін өткізіледі. Еңбегінің басты нәтижесі - түлектердің жұмысқа орналасуы болып саналатын жоғары оқу орындары мен колледждерде елбасының жолдауында айтылған міндеттер бойынша профильдеу жүргізіледі. Яғни, сұраныс жоқ мамандықтардың лицензиясы қайтарылады. Осылайша, нарықта тек жоғары сапалы білім беретін ЖОО ғана қалады.
Жоғары оқу орындарының тиімділігін түлектердің жұмысқа орналасуы арқылы бақылау әдісі октябрьде өткен сапалы білім беруді қамтамасыз етуге арналған Орталық Азия халықаралық форумында да сарапшылардың назарында болды. ТМД елдерінің білім және ғылым министрліктері, еуропадағы халықаралық ұйым басшылары, шет елдік аккредитация органдары, ЖОО мен мемлекеттік орган өкілдері оқу бағдарламалары мен нарықта сұранысқа ие болатын маман даярлау мәселелерін талқылады. Шараны Тұңғыш Президент қоры мен тәуелсіз аккредитация мен рейтинг агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.
«Егер біз қандай да бір жоғары оқу орнының маман даярлап, бірақ олар нарықта сұранысқа ие болмағанын байқасақ, бұл - аталған жоғары оқу орнында сапалы білім беру барысында проблема бар дегенді білдіреді. Сол себепті біз білім беру бағдарламаларының рейтингі төңірегінде ауқымды жұмыстар атқарамыз», - деді Асхат Аймағамбетов.