Қазақстан-Словения. Қандай құжаттарға қол қойылғаны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар елімізге ресми сапармен келіп, келіссіөз қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.
Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар ресми делегация мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Словения Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі арасындағы білім және ғылым саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Словения Республикасы Экономика, туризм және спорт министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Словенияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусарды қарсы алды.
Бұған дейін Тоқаев Қазақстан-Словения бизнес кеңесін құруды ұсынғанын жазған едік.
Сондай-ақ, Президент Словениямен қандай салаларда тың жобаларлар жүзеге асырылатындығын атады.