Қазақстан Тәжікстанмен цифрландыру саласындағы тәжірибесін бөлісіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Тәжікстанның мемлекеттік қызметшілеріне арналған «Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың негіздері» атты оқу бағдарламасы басталды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

20–29 шілде аралығында өтетін тренингті KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Тәжікстан Республикасы Президентінің Атқарушы аппаратына қарасты Цифрлық негіздер жобаларын іске асыру орталығымен бірлесіп, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оқытуға Тәжікстанның 15 мемлекеттік қызметшісі қатысып жатыр. Олар мемлекеттік басқаруды цифрландыру, электрондық үкіметті дамыту және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді енгізудегі Қазақстан тәжірибесімен танысады.

Тренингтің ашылуында сөз сөйлеген KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігі КеАҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы, серіктестік және өңірлік жобалар департаментінің директоры Жандос Асанов KazAID 2020 жылы Қазақстан Үкіметінің шешімімен ресми даму көмегі саласындағы ұлттық оператор ретінде құрылғанын айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Агенттіктің негізгі міндеті — серіктес мемлекеттердің тұрақты дамуына және инклюзивті экономикалық өсіміне техникалық қолдау көрсету. Осы мақсатта цифрландыру, денсаулық сақтау, дипломатия, статистика және басқа да бағыттар бойынша оқыту бағдарламаларын ұйымдастырып келеміз, — деді ол.

Қазақстан мен Тәжікстанның цифрландыру саласындағы ынтымақтастығы нақты жобалар арқылы дамып келеді.

— 2023 жылы Душанбе қаласында KazAID брендімен Тәжікстанға техникалық грант ретінде eGov электрондық үкіметінің бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі табысталды. Жоба KazAID, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Ал 2024 жылы Astana Hub-тың Tech Orda бағдарламасы аясында Тәжікстанның IT мамандарына 100 білім беру ваучері берілді, — деді Жандос Асанов.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, 2024 жылдан бері KazAID мемлекеттік басқаруды цифрландыру тәжірибесін бөлісуге арналған «Достық: Цифрландыру» бағдарламасын тұрақты өткізіп келеді. Алғашқы семинар Сингапур Сыртқы істер министрлігінің техникалық ынтымақтастық директоратымен бірлесіп ұйымдастырылса, 2025 жылдан бастап жоба Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (KOICA) бірлесіп жүзеге асырылып келеді.

Өткен жылы бағдарлама Астанада өтіп, оған Орталық Азия елдерінің өкілдері, соның ішінде Тәжікстаннан келген мамандар қатысты. Биылғы оқу бағдарламасы Корея Республикасында жалғасады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Жандос Асанов Қазақстанда цифрландыру мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналғанын айтты.

— Электрондық үкімет қызметтері азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдетіп, олардың қолжетімділігін арттырды. Ал мемлекеттік жүйелерді цифрлық платформаларға көшіру басқару үдерістерінің тиімділігі мен ашықтығын күшейтіп отыр. Бүгінгі тренингтің мақсаты — Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесін бөлісу. Қатысушылар алған білім өз еліндегі цифрлық трансформацияны дамытуға ықпал етеді деп сенеміз, — деді ол.

Еске салайық, маусым айында Президент 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіткен болатын. Құжатта мемлекеттік басқаруды цифрлық форматқа көшіру негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.