Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен IV Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі аясында елордалық «Жастар» театрының «Жібек» мюзиклі көрерменге ұсынылды. Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай қойған спектакль «Қыз Жібек» тарихи эпосының заманауи сахналық нұсқасы саналады.
Шығарманың либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған, ал музыкасын Евгений Брусиловский шығарған. Басты рөлдерді Назерке Серікболова (Жібек) пен Мейірғат Амангелдин (Төлеген) сомдады. Қойылымға театрдың жас әртістері де қатысты.
Спектакль сахналық қимылдардың көркемдігімен, көріністердің динамикалық ауысуымен және өзіндік музыкалық сүйемелдеуімен ерекшеленді. Қойылым аяқталған соң көрермендер мен халықаралық қазылар алқасының мүшелері әртістерге қошемет көрсетті.
Фестивальдің қазылар алқасының құрамына енген қазақстандық театр сыншысы Бейбіт Бақытгереев те қойылымға жоғары баға берді. Оның айтуынша, «Жібек» мюзиклі қазақтың төл музыкасы негізінде жазылған театр туындыларының аздығын толықтыруға үлес қосады. Сондай-ақ қойылым режиссерлік шеберлігімен және сахналық қимылдардың жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
Әндіжандағы фестиваль түркі әлемінің әр елінен келген театр ұжымдарын біріктіріп, көрермендерді ұлттық мәдени мұраның заманауи сахналық нұсқаларымен таныстырып келеді.
Бұған дейін Әндіжанда ТҮРКСОЙ халықаралық театр фестивалі ашылғанын хабарлаған болатынбыз.