Әндіжанда ТҮРКСОЙ халықаралық театр фестивалі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркі әлемінің 2026 жылғы мәдени астанасы атанған Әндіжан қаласында IV Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі «Бабыр: сағыныш» спектаклімен ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Әндіжанда ТҮРКСОЙ халықаралық театр фестивалі ашылды
Фото: turksoy.org

IV Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі Өзбекстанда басталды. Ашылу салтанатына түркі елдерінің өкілдері қатысты. Театр ұжымдары мен әртістер қызыл кілеммен жүріп өтті.

Салтанатты шараға ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан мәдениет министрінің бірінші орынбасары Нодирбек Сайфуллаев және Әндіжан облысы хокимінің орынбасары Рустамжон Эгамбердиев қатысты.

Сұлтан Раев фестиваль түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтуға және ортақ көркем мұраны дамытуға бағытталғанын айтты. Ал Нодирбек Сайфуллаев форумның Әндіжанда өтуі бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Фестиваль бағдарламасын Әндіжан театры Усмон Азимнің пьесасы бойынша сахналанған «Бабыр: сағыныш» спектаклімен ашты. Тарихи драма Ұлы Моғолдар империясының негізін қалаған билеуші әрі ақын Захириддин Мұхаммед Бабырға арналған.

Бабырдың бейнесін Зафарбек Сайбурханов сомдады. Қойылымда кейіпкердің туған жеріне деген сүйіспеншілігі, мейірімділігі және жақындары үшін өзін құрбан етуге дайын екені суреттеледі. Спектакль көрермендердің қошеметіне бөленді.

Фестиваль аясында Әндіжанда түркі әлемінің түрлі елдерінен келген театр ұжымдары өнер көрсетеді. Форум шығармашылық тәжірибе алмасуға және театр өнері саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымының IX Әйелдер және этно-сән апталығы басталды. Оған түркі әлеміндегі мемлекеттер мен өңірлердің дизайнерлері және мәдениет өкілдері жиналғанын хабарлағанбыз.