Жоба аясында еліміздің 20 мың шақырымнан астам теміржол желілері бойында заманауи цифрлық байланыс желісін құру және 3 мыңға жуық LTE-R радиобайланыс объектілерін салу жоспарлануда. Жаңа инфрақұрылым Қазақстанның негізгі теміржол бағыттарын үздіксіз цифрлық қамтуды қамтамасыз етеді.
LTE-R SMART-инфрақұрылымды, SMART-локомотивтерді, цифрлық станциялар мен вокзалдарды, тасымалдау процесін мониторингілеу мен басқарудың зияткерлік жүйелерін дамыту жобаларын енгізу үшін базалық технологиялық негіз болады.
Желі саланы басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыра отырып, локомотивтер, диспетчерлік орталықтар, автоматика жүйелері және теміржол инфрақұрылымы объектілері арасында нақты уақыт режимінде деректерді беруді қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыру:
• локомотивтер, диспетчерлік орталықтар және инфрақұрылым объектілері арасында үздіксіз деректер алмасу арқылы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттыру;
• штаттан тыс жағдайларға жауап беру уақытын қысқарту;
• бүкіл теміржол желісіндегі технологиялық байланыстың сенімділігін арттыру;
• адам факторының қозғалысты басқаруға әсерін азайту;
• заманауи бейнебақылау және бейнеаналитика жүйелерін енгізу;
• деректерді талдау негізінде инфрақұрылымға жоспарлы қызмет көрсетуден болжамды жөндеуге көшу;
• басқарушылық шешімдер қабылдаудың жеделдігін арттыру;
• жолаушылар үшін цифрлық сервистерді, соның ішінде заманауи телекоммуникациялық қызметтерге және жол бойындағы Интернетке қолжетімділікті дамыту.
Жоба Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. LTE-R пойыздар қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу, инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыру және халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру үшін технологиялық негіз жасайды.
Жаңа желі Қазақстанды Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, Кавказбен, Ресеймен және Еуропамен байланыстыратын негізгі транзиттік бағыттарды қамтиды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, теміржол көлігінде цифрлық технологияларды енгізу инфрақұрылымның өткізу қабілетін 15-30 пайызға арттыруға, қауіпсіздік деңгейін күшейтуге және жаңа теміржол желілерін ауқымды салуды қажет етпей пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Болашақта LTE-R FRMCS және 5G желілеріне негізделген шешімдерді қоса алғанда, жаңа буын теміржол технологияларын енгізудің негізі болады.
Жобаны іске асыру ұлттық ауқымдағы бірыңғай цифрлық теміржол экожүйесін қалыптастыруға, көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға және Қазақстанның Еуразияның негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл теміржол арқылы 131 млн тонна жүк тасымалданды.