Қазақстан теннисшілері АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына өтті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер жұптық сында АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Александр Бублик даниялық Хольгер Рунемен бірге бастапқы кездесуін америкалықтар Фрэнсис Тиафо - Денис Кудламен өткізді.

Қазақстандық-даниялық жұп 6:2, 3:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Бублик пен Руне екінші айналымда франциялықтар Кентен Гали - Адриан Маннариномен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге алғашқы айналымда аргентиналықтар Томас Мартин Этчеверри - Себастьян Баэсті тізе бүктірді - 6:1, 7:5. Олар екінші айналымда «Үлкен дулыға» турнирінің жұптық сындағы жеңімпазы, сальвадорлық Марсело Аревало - «Үлкен дулығаны» төрт рет ұтқан нидерландылық Жан-Жюльен Ройермен кездеседі.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Андрей Голубев жарыс жолынан шығып қалды. Ол испаниялық Педро Мартинеспен бірге әлемдегі үздік дуэттердің бірі, германиялық Тим Пюц - жаңазеландиялық Майкл Винусқа есе жіберді - 7:6 (7:4), 2:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады.


Фото: ktf.kz