АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан теннистен әлемдегі рейтингі бойынша үздік елдердің қатарына кірді.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Елена Рыбакина қазіргі таңда WTA рейтингісінде 5-орында тұр.
Ал Гонконг турнирінде чемпион атанған ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бублик ATP рейтингісінде бүгін 10-сатыға көтерілді.
Осылайша, Қазақстанның екі бірдей ойыншысы ТОП-10-ға енді. Мұндай көрсеткішке Қазақстаннан басқа АҚШ пен Италия ғана қол жеткізген.
Сонымен қатар Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогы рейтингісінде әлемдегі үздік он команданың қатарында келеді.
Көшбасшы спортшылардың нәтижелері, құрамалардың тұрақты өнер көрсетуі және теннис инфрақұрылымының дамуы Қазақстанның халықаралық теннистегі орнын нығайтуға септігін тигізіп келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Гонконг турнирінде топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде алғаш рет ТОП-10-ға кірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).