Қазақстан ТМД елдері арасында көшуге ең қолайлы мемлекет атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан 2026 жылғы Immigration Index халықаралық рейтингінде ТМД елдері арасында бірінші орынға шықты. Рейтингті америкалық Remitly компаниясы әзірледі.

Фото: Үкімет

Зерттеу әлемнің 82 мемлекетін қамтыған. Жалпы рейтингте Қазақстан 53-орынға тұрақтап, тізімге енген посткеңестік елдердің бәрінен жоғары нәтиже көрсетті.

Рейтингтегі өзге ТМД елдерінің көрсеткіші мынадай:

– Молдова – 56-орын;
– Әзербайжан – 66-орын;
– Армения – 74-орын;
– Өзбекстан – 75-орын.

Ал Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина зерттеуге енгізілмеген.

Сарапшылар елдерді 34 көрсеткіш бойынша бағалаған. Олар 16 негізгі санатқа топтастырылған. Бағалау кезінде қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау мен білім беру сапасы, экологиялық ахуал, жұмыспен қамту мүмкіндігі, өмір сүру құны, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық көлік жүйесінің дамуы, отбасыларға көрсетілетін қолдау және мигранттар қауымдастығының болуы ескерілген.

Әлемдік рейтингте Швейцария көш бастады.

Remitly компаниясының мәліметінше, индекс тек экономикалық көрсеткіштерге сүйеніп жасалмаған. Сонымен қатар өмір сапасы, қауіпсіздік, отбасылар үшін қолайлылық және мигранттардың жаңа ортаға бейімделу мүмкіндігі назарға алынған.

Зерттеу қорытындысы қазіргі мигранттар үшін өмір сапасы, қауіпсіздік, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және ұзақ мерзімді болашақ құру мүмкіндігі негізгі өлшем болып қала беретінін көрсетті.

Осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша Қазақстан 2026 жылы ТМД кеңістігіндегі көшуге ең қолайлы ел деп танылды.

Осыған дейін Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енгенін хабарладық.