2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,7%-ға жоғары, былтыр 4,8 млрд доллар болған.
Экспорт құрылымында астықпен қатар өңделген өнімдердің үлесі де артып келеді. Әсіресе күнбағыс майы, ұн және мал азығы өнімдері экспортының өсімі отандық өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Атап айтқанда, күнбағыс майының экспорты 470,9 мың тоннадан 661,5 мың тоннаға дейін өсті. Ал экспорттық түсім 474,6 млн доллардан 731,4 млн долларға жетті. Бидай және бидай-қарабидай ұнының экспорты 1,3 млн тоннадан 1,59 млн тоннаға дейін ұлғайып, түсім көлемі 343 млн доллардан 462,2 млн долларға дейін артты.
Мал азығы өнімдері экспорты да айтарлықтай қарқынды. Есепті кезеңде бұл өнімдердің экспорт көлемі 2,85 млн тоннаға, ал құны 662,3 млн долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 2,02 млн тонна өнім 425,7 млн долларға экспортталған болатын.
Сонымен бірге астық экспортының көлемі де жоғары деңгейде сақталуда. Тоғыз айда шетелге 6,2 млн тонна бидай мен меслин жеткізіліп, экспорттық түсім 1,42 млрд доллар болды. Өткен жылы осы уақытта 5,5 млн тонна өнім 1,12 млрд долларға экспортталған болатын. Зығыр тұқымының экспорты 881,7 мың тоннаға жетіп, оның құны 429,3 млн доллар болды.
Өсімдік майы, ұн және мал азығы өнімдері экспортының артуы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ілгерлеушілікті көрсетеді. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге, ішкі өндірістік тізбектерді қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.
Агроөнеркәсіптік кешенде өңдеу саласын дамыту және экспорт құрылымын әртараптандыру Қазақстанның аграрлық саясатының стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала береді.
Айта кетелік Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі 70 пайызға жеткізілетіні туралы жазған едік.