Өз сұхбатында дипломат Қазақстан мен Нидерланд қарым-қатынасы тұрақты әрі өте жақсы деңгейде екенін атап өтті.
– Отыз жылдан астам бұрын орнаған арадағы саяси диалогқа көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл аралықта Нидерланд Қазақстанның тікелей инвесторларының біріне айналды. Су ресурстарын басқару, цифрландыру, агроөнеркәсіп, денсаулық салаларында өте жақсы қарым-қатынасты нығайтып келеміз. Мұны айту мен үшін үлкен мәртебе, – деді Нико Схемерс Jibek Joly телеарнасының «БҮГІН.Live» бағдарламасында.
Әсіресе агроөнеркәсіп саласында екі елдің серіктестігі басым. Нидерланд Қазақстан аумағынан 66 есе кіші болғанымен, агросаланы жақсы дамытқан және дүние жүзінде екінші импортер атанған.
– Бұл салада Қазақстанның да әлеуеті өте зор деп ойлаймыз. Сондықтан осы салада жақсы серіктес болсақ, тұтас әлемді тамақпен қамтамасыз ететін деңгейге жетерімізге сенімдімін. Сосын 2024 жылы көктемгі су тасқыны болғанда Нидерланд көмекке жеткен алғашқы елдердің қатарында болды. Өйткені біз ол жағдайды жақсы түсінеміз, өзіміз де су тасқыны мәселесін бастан кешіп отырмыз. Сондықтан осы салаларда жақсы серіктес бола аламыз, – деді елші.
Осылайша, екі ел арасында су ресурстарын басқару, медицина, жаңартылатын энергия, мұнай-газ салаларында өте жақсы серіктестік бар.
– Сирек кездесетін жер металдары да басты бағытта. Менделеев элементтерінің барлығы дерлік Қазақстаннан табылады. Бұдан бөлек, Қазақстанның ЖИ және цифрландыру саласында өте қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Қазір Қазақстанның жастарына үлкен мүмкіндік беріліп жатыр. Көптеген жаңа орталықтар ашылды, жас мамандар мен балалар цифрландыру бағытында білім алып жүр. Бұл бағытта Қазақстан біздің елге үлгі бола алады. Әсіресе, Электронды үкімет платформасы маған өте ұнайды. Өте ауқымды жұмыс eGov арқасында жүргізіліп келеді, – деді Н.Схемерс.
Сұхбат соңында дипломат Қазақтан туралы алғашқы әсерін айтып берді.
– Мен 2023 жылы елші болып келдім. Әрине, ең бірінші суық климатқа таңғалдым. Қазақстанның суығы Еуропа елдеріне қарағанда басқаша. Дегенмен ғимарат ішіндегі жылу үздіксіз берілді. Оған қоса, қазақтың даласы кең байтақ. Нидерландыда велосипед алып, діттеген жеріме 15 минутта жете аламын. Ал Қазақстанда міндетті түрде көлік керек. Қазақ халқының қонақжайлығы да бірден сезілді. Екі халықтың айырмашылығынан гөрі ұқсастықтарын жиі байқадым. Біз де көшпенді халық болғанбыз. Қазақтар кең далада көшіп-қонса, Нидерланд халқы мұхиттар мен су бетінде көшті. Бұл деректерді мақтанышпен айтамын, – дейді Нидерланд елшісі.
Еске сала кетсек, өткен аптада Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра – 2026» фестивалі өтті. Онда Нидерланд Корольдігі 40 мың қызғалдақ пиязшығын табыстады.