Оның сөзінше, бүгінгі шараға еліміздің барлық өңірінен серіктестер мен ірі құрылыс компанияларының өкілдері шақырылған. Кездесудің басты мақсаты – жаңа қолдау тетіктері мен цифрлық сервистерді таныстыру, сондай-ақ жаңадан енгізілген рейтингтік модельдің жұмыс тәртібін түсіндіру.
– Биыл біз тұрғын үй құрылысы саласына 900 млрд теңгеден астам қолдау көрсетеміз. Қазіргі уақытта осы межеге жақындап қалдық. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 30 пайыздан астам өседі. Былтыр тұрғын үй құрылысы саласына 707 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеттік, – деді Алтай Күздібаев.
Оның айтуынша, келесі жылды Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес құрылыс саласы үшін ауқымды кезең деп қарастырып отыр. Осыған байланысты компанияда жаңа қолдау тетіктері әзірленген. Алдағы жоспарлар құрылыс компанияларының өкілдерімен талқыланып жатыр.
Журналистер Халықтық құрылыс жылына байланысты қаржыландыру көлемі ұлғая ма деп сұрады.
Алтай Күздібаев әзірге нақты өсім пайызы белгіленбегенін айтты. Дегенмен коммуналдық және энергетика секторын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында келесі жылы 300-400 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылуы мүмкін екенін жеткізді.
– Өткен жылы біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны бастадық. Биыл осы мақсатқа әкімдіктерге 200 млрд теңге бөлдік. Келесі жылы жекеменшік нысандар мен жобалар да болады. Әкімдіктер өз жұмыстарын жалғастырады. Жалпы, осы бағыттағы қаржы көлемі 300-400 млрд теңгеден асады деп есептейміз. Қазір нақты қандай жобалар болатынын қарастырып жатырмыз, – деді ол.
Компания басшысы 900 млрд теңгеден астам қолдаудың қандай көздер мен тетіктер арқылы қалыптасатынын да түсіндірді. Оның айтуынша, бұл сомаға үлескерлердің қаражатын тартуға берілетін кепілдіктер де кіреді.
– Біз әртүрлі тетіктер бойынша қолдау көрсетеміз. Мысалы, үлескерлердің қаражатын тарту үшін кепілдік береміз. Мұның өзі де қаржылай қолдау тетігі. Барлық тетікті бірге есептегенде, қолдау көлемі 900 млрд теңгеден асып отыр, – деді Алтай Күздібаев.
Оның айтуынша, құрылыс компаниялары тұрғын үйді өз қаражатына салады, сонымен қатар азаматтар мен үлескерлерден де қаражат тартады. Ал компания тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі бөлігі әкімдіктерді қаржыландыруға бағытталған.
– Біз әкімдіктерге кредиттік тұрғын үй және жалға берілетін тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ нақты мақсаттағы жобаларға қаржы бөлеміз, – деді ол.
Сонымен қатар Алтай Күздібаев компанияның бұл бағыттағы жұмысы коммуналдық және энергетика секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүргізілетінін айтты.
Бұған дейін Қазақстанда құрылыс қарқыны артқанын жазған едік.