Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшы-кеңесшісі Кәмила Амуртаева Kazinform агенттігі тілшісіне айтып берді.
— Құттықтаудың мерейтойлық датадан шамамен үш ай бұрын жолданып, АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гор арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке табысталуы да мәнді. Жолдаудың уақыты мен форматы Вашингтонның Қазақстанмен саяси диалогты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін аңғартады. Меніңше, бұл жерде әлдеқайда ауқымды үрдіс байқалады. Қазақстан Вашингтон үшін біртіндеп дербес стратегиялық маңызы бар мемлекетке айналып келеді. АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты да барған сайын нақты сипат алып, экономикалық және стратегиялық мүдделер төңірегінде қалыптасып жатыр, — деді ол.
Сонымен бірге, маманның сөзінше, Дональд Трамптың «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік» ұғымын қолдануы назар аудартады. Себебі, бүгінде бұл тұжырым нақты практикалық мазмұнмен толыққан. 2025 жылғы қарашада Вашингтонда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуінен кейін Қазақстан мен АҚШ арасында өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім және инновация салаларында жалпы құны шамамен 17 млрд доллар болатын 29 құжатқа қол қойылды. 2026 жылы тараптар аса маңызды минералдар, логистика, жасанды интеллект және жаңа инвестициялық жобалар бойынша диалогты жалғастырды.
— Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарының бірі — Астанада өткен аса маңызды минералдар жөніндегі C5 1 диалогы. Мұның өзі екіжақты күн тәртібінің сапалық тұрғыдан өзгергенін көрсетеді. Экономикалық ынтымақтастық енді технологиялық бәсекелестікпен, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығымен және экономикалық қауіпсіздік мәселелерімен барған сайын тығыз ұштасып келеді. Осы ретте Қазақстан АҚШ үшін алдағы уақытта маңызы арта түсетін салалардағы сұранысқа ие әріптеске айналуда, — деді Кәмила Амуртаева.
Одан бөлек, екіжақты қатынастардың тұлғалық қыры да назар аудартады.
— Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевпен «екі президенттік мерзімінде де» қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, Қазақстан Президентін «күшті әрі батыл көшбасшы» деп бағалайды. Трамптың саяси стилінде тұлғалық фактордың дәстүрлі түрде маңызды орын алатынын ескерсек, мұндай баға екі ел басшылығы арасындағы саяси сенім деңгейінің жоғары екенін және мемлекет басшылары арасындағы тікелей байланысты сақтауға мүдделілік барын көрсетеді. Екі президент арасындағы байланыстардың өзіндік тарихы қалыптасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен оның алғашқы президенттік мерзімі кезінде де өзара іс-қимыл жасап, Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін бұл байланыс жалғасын тапты. 2026 жылғы шілдеде екі президент телефон арқылы сөйлесіп, саяси және экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын талқылады. Сол кезде Қазақстан Президенті Дональд Трампты Қазақстанға сапармен келуге шақырған болатын. Қазіргі құттықтау жолдауы табысталғаннан кейін бұл шақыру тағы да расталды, — деді сарапшы.
Оның пікірінше, тағы бір маңызды жайт — АҚШ-тың Қазақстанға қызығушылығы Астананың Қытаймен, Ресеймен, Еуропалық одақпен және өзге де ықпалды орталықтармен қатынастары қатар дамып жатқан кезеңде күшейіп отыр. Бұл көпвекторлы саясаттың мазмұны да белгілі бір деңгейде өзгергенін көрсетеді. Бүгінде көпвекторлылық Қазақстанның жылдар бойы жинақтаған дипломатиялық капиталына айналды. Түрлі күш орталықтарымен қатар жұмыс істей отырып, болжамды серіктес болып қалу және дербес сыртқы саяси бағыт ұстану қабілеті Қазақстанның халықаралық әріптестер алдындағы маңызын арттырып отыр.
— Осы тұрғыдан жолдаудың БРИКС саммиті аясында табысталуы да символдық мәнге ие. Астананың халықаралық байланыстары кеңейіп, әртүрлі форматтардағы серіктестігі тереңдеп жатқан жағдайда АҚШ тарапы Қазақстанмен қатынастарын одан әрі дамытуға ұмтылуда. Бұл Қазақстанның сыртқы саяси моделінің өміршеңдігін көрсетеді. Әртүрлі бағыттағы орнықты байланыстар желісі елдің дипломатиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, келіссөздердегі ұстанымын күшейтеді, — деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшы-кеңесшісі.
Мәселенің өңірлік қыры да маңызды. Маманның пайымынша, АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясаты барған сайын нақты экономикалық мазмұнға ие болуда. C5 1 форматы B5 1 экономикалық күн тәртібімен, аса маңызды минералдар, көлік, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықпен толықтырылып келеді. Экономикасының ауқымы, инвестициялық байланыстары және географиялық орналасуы Қазақстанға осы қалыптасып келе жатқан архитектурада ерекше орын береді.
— Кеңірек қарастырсақ, бұл құттықтау Қазақстанның 35 жыл ішінде халықаралық аренадағы орнының қаншалықты өзгергенін де аңғартады. 1990 жылдардың басында негізгі міндеттер егемендікті нығайту және халықаралық мойындауға қол жеткізу болса, бүгінде Қазақстанның өзіндік сыртқы саяси капиталы, экономикалық және транзиттік әлеуеті қалыптасты, әлемнің жетекші күш орталықтарымен орнықты диалог орнатылды. Осы тұрғыдан Дональд Трамптың құттықтауын Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен үлкен жолдың бір көрінісі ретінде бағалауға болады. Қазақстан бүгінде өз басымдықтарын дербес айқындайтын, ұлттық мүддесін сенімді қорғайтын және өзгеріп жатқан әлемдік тәртіптен өз орнын таба алған мемлекет ретінде қалыптасты. Ал 35 жылдың ең басты нәтижесі — Тәуелсіздік енді мемлекеттіліктің тарихи жетістігі ғана емес, елдің келешек дамуына, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын және бұдан да биік мақсаттар қоюға мүмкіндік беретін берік тұғырға айналды, — деп түйіндеді сөзін Кәмила Амуртаева.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтағанын жазғанбыз.