Қазақстан-Венгрия инвестициялық қоры Ақтөбеде салынатын жылыжайға қаржы бөлді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстан-Венгрия инвестициялық қоры Ақтөбеде салынатын жылыжайға 12 миллион доллар қаржы бөлді. Бұл туралы «ҚазАгро» Холдингі» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Инвестициялық қор Қазақстанға таңдау жасады. Ақтөбеде аумағы 20 гектар болатын жаңа жылыжай салынады. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, Венгрияның «Эксимбанк» және CCL Capital басқарушы компанияның қатысуымен құрылған тікелей инвестициялардың Қазақстан-Венгрия қоры жылыжай құрылысына 12 миллион доллар бөлді. Жылыжай үш жыл бойы кезең-кезеңімен салынады. Ақтөбеде бой көтеретін жылыжай Нидерландының Ultra Clima технологиясымен жабдықталады. Артықшылығы жылыжай жартылай жабық болады. «ҚазАгро» Холдинг» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, FoodVentures (Голландия), «ADM Capital» (Венгрия) және «Green Capital Kazakhstan» ЖШС (Қазақстан) компаниялары арасындағы үшжақты келісімге қол қойылған болатын. Келісім Астанада өткен «AgroInvest Forum 2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форум кезінде жасалды.

«Басқа елдердегі ұқсас кешендерді басқарудағы біздің тәжірибеміз мол. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы Голландияның жетекші компанияларындағы жаңа технологиялар қысқа мерзім ішінде жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. «Ultra Clima» технологияларын пайдалану операциялық шығындарды азайтып, өнімнің сапасын арттыруға септігін тизігеді. Бұл бәсекелес ортада біздің артықшылығымыз болып саналады»,- деді FoodVentures B.V. өкілі Дирк Алевен.

Ал жылыжай құрылысына жауапты қазақстандық серіктес өңірде бұл жұмысты шағын кәсіптен бастаған.

«Біз Ақтөбе облысында өзіміздің жылыжай бизнесімізді бірнеше жыл бұрын шағын жобадан бастадық. Жылыжай шаруашылығы - инвестиция салуға ыңғайлы, оңтайлы сала. Бизнесті кеңейту үшін бірнеше нұсқаны қарастырып, CCL Capital компаниясымен серіктес болуды ұйғардық. Компания арқылы халықаралық технологиялардың мүмкіндіктерін пайданамыз, әрі бұл сенімді серіктес», - деді жобаның қазақстандық серіктестерінің бірі Қуаныш Қабиденов. «ҚазАгро» холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлыбек Малеловтің айтуынша, тікелей инвестициялар қорының жылыжай құрылысына қаржы бөлуі еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенінің тартымдылығын дәлелдейді.