Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан волонтерлік бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Бүгінде еліміз әлемдік қозғалысқа белсенді қатысып, осы бағыттағы халықаралық іс-шаралардың маңызды орталықтарының біріне айналды.
Қазақстанның волонтерлік бағытта Орталық Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Африка елдерімен әріптестік орнатқан. Барлығы 34 келісім жасалған. БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен, ТМД және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеспен (АӨСШК) орнатылған ынтымақтастықтың маңызы айрықша.
Еліміздің алғашқы бастамаларының бірі — 2022 жылғы тамызда Астана, Түркістан және Бурабайда өткен Орталық Азия волонтерлер форумы. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Армениядан 600-ден астам делегат қатысты.
Форумда БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге волонтерліктің қосатын үлесі мен оны дамыту жолдары талқыланды.
2023 жылы Астанада 30 елден 400-ден астам делегаттың қатысуымен халықаралық форум өтті. Жиындағы негізгі тақырыптар — мемлекет пен қоғамдық институттар арасындағы байланысты нығайту және төтенше жағдайлар кезінде волонтерлердің көмек көрсетуі.
2024 жылғы қазанда елордада АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің волонтерлік қозғалыс көшбасшыларының слеті ұйымдастырылды. Слет жұмысына 21 елден 450-ден астам делегат қатысты. Іс-шараның ауқымы халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы волонтерлік бастамаларға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетті.
Слет аясында АӨСШК Жастар кеңесінің отырысы да өтті. Кездесу Астананың Ботаникалық бағындағы экологиялық акциямен жалғасып, 200 волонтер 100-ден астам ағаш отырғызды.
Халықаралық волонтерлік ынтымақтастықты дамытуда 2026 жылдың мәні ерекше. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.
Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы — ТМД елдері волонтерлерінің форумы. Алғашқы форум 20-21 тамызда Астанада өтті. Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысты.
Форумда инклюзивті, экологиялық және корпоративтік волонтерлікті дамыту, әлеуметтік жауапкершілікті нығайту, мәдени мұраны сақтау және халықаралық әріптестікті кеңейту мәселелері қаралды.
Қатысушылар кәсіби және салалық волонтерлікті дамыту, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлау, волонтерлік жұмыста заманауи цифрлық құралдарды қолдану жөнінде де пікір алмасты.
Форум қорытындысында ынтымақтастық туралы ортақ қарар қабылданды. ТМД волонтерлерінің ІІ форумын 2027 жылы Минскіде өткізу жоспарланған.
Астанадағы форум Достастық елдерінің волонтерлік бойынша тұрақты ынтымақтастығына негізі болды.
Айта кетейік, Қазақстанда су ресурстарын қорғауға волонтерлер тартылады.