Қазақстан және Қытай Алатау қаласын дамытуға арналған Smart city институтын құрады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) жанынан қытайлық академиктермен бірлесіп Алатау қаласын дамытуға арналған Smart city институты құрылмақ.

Фото: ҚР ҰҒА

ҰҒА мәліметінше, Қытай ғылым академиясының қолдауымен Қазақстан–Қытай бірлескен ақылды қалаларды зерттеу институтын (Smart City Joint Research Institute) құру бағытындағы ынтымақтастық дамып келеді. Осы бастама аясында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Alatau City Authority, Шэньчжэнь университетінің Ақылды қалалар ғылыми-зерттеу институты және LAY-OUT Planning Consultants Co., Ltd. компаниясы арасында төртжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Ынтымақтастыққа қатысушылардың әрқайсысы өз құзыреті шеңберінде үлес қоспақ. Мәселен, Шэньчжэнь университетінің Ақылды қалалар ғылыми-зерттеу институты цифрлық егіздер, геокеңістіктік технологиялар, заттар интернеті (IoT) және қаланы зияткерлік басқару жүйелері саласында ғылыми әзірлемелер жүргізеді. Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясы ғылыми және стратегиялық басшылықты, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми ұйымдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

— Болашақ институттың негізгі міндеті — ғылыми зерттеулерді, технологиялық әзірлемелерді және заманауи қалаларды дамытудағы практикалық тәжірибені біріктіріп, зияткерлік шешімдерді Қазақстан жағдайына бейімдеу және енгізу, — деп хабарлады академиядан.

Фото: ҚР ҰҒА

Бүгінде Алатау қаласы бірлескен зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізуге арналған пилоттық алаң ретінде айқындалған. Мұнда қаланы жоспарлау, салу және басқару үдерістеріне цифрлық технологияларды бастапқы кезеңдерден бастап енгізуді көздейтін Digital-Native тәсілін дамыту жоспарланып отыр.

Басым бағыттар ретінде цифрлық егіздер, жасанды интеллект, зияткерлік көлік инфрақұрылымы, қаланы цифрлық басқару, заттар интернеті, бірлескен ғылымизерттеулер және мамандар даярлау қарастырылып жатыр.

— Бұл институт білім мен тәжірибе алмасуға, Smart City технологияларын әзірлеуге және бейімдеуге арналған халықаралық зерттеу платформасына айналуды мақсат етеді. Бұл технологияларды болашақта Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де қолдану мүмкіндігі қарастырылады, — деп хабарлады ҰҒА баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласының цифрлық егізін жасауға оңтүстіккореялық компаниялар көмектесетінін жазғанбыз.