Alatau City цифрлық егізін жасауға оңтүстіккореялық компаниялар көмектеседі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алатау қаласының цифрлық егізі жасалады. Бұл туралы «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы хабарлады.

Alatau City цифрлық егізін жасауға оңтүстіккореялық компаниялар көмектеседі
Фото: Alatau City Authority ұйымы

Ресми мәліметке сәйкес, Alatau City Authority ұйымы мен оңтүстіккореялық компаниялар - AST Holdings Co., Ltd. және ILJOO GnS Co., Ltd. Smart City цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Құжат Алатау қаласының цифрлық егізін (Digital Twin) және заттар интернеті (IoT) технологияларын қолдану бойынша бірлескен пилоттық жобаны іске қосуды көздейді.

Қол қою рәсімі Пусанда Global Smart City Expo халықаралық көрмесі аясында өтті. Келесі практикалық кезең – Alatau City-дің цифрлық егізі жөніндегі пилоттық жобаны пысықтау.

- Меморандум аясында тараптар бірден қымбатқа түсетін толыққанды жобаға көшпей, технологияларды практикалық сынақтан өткізеді. Пилоттық жоба қалалық деректерді жинау мен синхрондауды, инженерлік жүйелердің мониторингін тексеруге мүмкіндік береді. Болашақта цифрлық модель қала құрылысында, көлік логистикасында, коммуналдық желілер мониторингінде және экологиялық қауіпсіздік саласында басқарушылық шешімдер қабылдаудың қолданбалы құралына айналады, - деп хабарлады ұйым баспасөз қызметі.

Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, Алатаудың цифрлық егізін жасау үшін қала салынып біткенін күту қажет емес. Қазірден бастап ақылды қаланың қажетті IT-архитектурасының іргетастан қалыптастыру керек.

- Біз цифрлық егізді жай презентациялық 3D-модель емес, нақты деректер негізінде қаланың дамуын басқаруға арналған жұмыс істейтін аналитикалық жүйе ретінде қарастырамыз, – деді ол.

Еске салайық, бұл елімізде әзірленгелі жатқан алғашқы қаланың цифрлық егізі емес. 2022 жылдан бері Алматыда мегаполистің цифрлық егізі құрылатыны туралы айтылып келеді.

Алматының цифрлық егізі негізгі 3 деңгейді қамтуы тиіс. Бірінші деңгей қаланың инженерлік инфрақұрылымын көрсетеді. Екінші деңгейде қала құрылысын модельдеу және оңтайландыру, сондай-ақ көлік қозғалысын бақылау жұмысы жүргізіледі. Үшінші табиғи-климаттық деңгей болады. Онда ауа сапасы секілді қаланың дамуына әсер ететін барлық табиғи құбылыстар қамтылады.

Былтыр Цифрландыру басқармасы бұл жобаны қаржыландыруға Қытайдың халықаралық даму жөніндегі ынтымақтастық агенттігінің (China International Development Cooperation Agency) грант қаражатын тарту жоспарланғанын мәлімдеді.

Ал 2026 жылдың басында ведомство өкілдері мегаполистің цифрлық егізін жасау нақты қашан басталатынын айтты.